Мәдени мұра – Әр үйге
«Қазақтың жүз әні» телевизиялық жобасы қазақ халқының бай ән мұрасын насихаттауға бағытталған. Бағдарлама барысында халықтың көмегімен ең танымал 100 туынды іріктеліп алынады.
Өзектілігі
Бұған дейін елімізде аспапты музыканы насихаттау бағытында бірнеше талпыныс жасалған болатын («Қазақтың дәстүрлі мың күйі»). Отандық классиктердің мұрағаттық жазбалары, яғни «Асыл мұра» жобасы қоғам назарына ұсынылған. Бұл бастамалар «Қазақтың жүз әні» шоу-бағдарламасында өз жалғасын табады.
Бүгінде қазақ әндеріне арналған бірде-бір ауқымды жоба жоқ. Бұл – аталмыш бағдарламаның бірінші ерекшелігі. Ұлттық туындыларды қамтитын соңғы дүние осыдан бір ғасыр бұрын пайда болған. Ол – 1925 жылы жарық көрген Александр Затаевичтің ноталы жинағы.
Екіншіден, «Қазақтың жүз әні» жобасында белгілі бір кезеңді ғана қамтитын шығармалар емес, 19-ғасырдан бастап бүгінгі күнге дейінгі барлық белгілі әндер шырқалады.
Үшіншіден, кітапханалар мен музыка дүкендерінің сөрелерінде шаң басып жатқан мәдени туындылар енді телевизия арқылы әр үйге жетіп, әр жүректен өз орнын табады.
Маңыздылығы
«Қазақтың жүз әні» түрлі жастағы аудиторияны туған өлкесінің дәстүрін құрметтеуге шақырады және ұмыт болып бара жатқан мәдени мұраларды қайта жаңғыртады. Бұл аға буын өкілдері үшін қаншалықты маңызды болса, жасөспірімдер үшін де соншалықты өзекті мәселе.
Бір айта кетерлік жайт, шоу форматы телекөрерменнің тікелей қатысуын қарастырады. Яғни, олар қарапайым көрермен емес, қорытынды жүздікке енетін шығармаларды таңдайтын жандар.
«Қазақтың жүз әні» жобасының қорытындысы бойынша 100 танымал ән енген CD және DVD жинақтары жарық көреді деп күтілуде.






